Білім

Ұстаз

Зерек

«Таулары тума орманмен, Тарбағатайда туғам жоқ, Жаннаты жердің болғанмен, Жетісуда да туғам жоқ» деп Өтежан ақын жырлағандай, Ойыл ауданына қарасты Сарбие ауылы тұма табиғат қоршаған жер емес еді. Сапақкөл, Қамыстыкөл, Шоңқайлыкөл деген сияқты толған көл атауымен аталғанмен, жазғытұры, көктемде суға толып, аққу-қазы қалқып, жаз келе базары тарқап, аңқасы кеуіп жататын-ды. Осындай малға жайлы жартылай шөл-шөлейт өлкеде елуінші жылдардың басына таман Бибатпа  есімді қыз дүниеге келді. Сәби ажарды табиғаттан алады деген ұғым біржақты, даулылау сияқты. Кейін қатар- құрбымызға айналған қызға әсемдік пен сымбат анасынан көшкен сияқты көрінеді де тұрады маған.

Ол қаршадайынан жұлынған пысық боп өсті. Әсіресе, сабаққа алғыр болды. Бәрінен ілгері тұру үшін озық сияқты айналасындағылардан жоғары білімдар болуы қажеттігін  ерте түсінгендей. Ауылдың сегіз жылдық мектебін бітіре сап, бала түгілі, үлкеннің жүрегі дауалай бермейтін облыс орталығына оқуға асықты. Білім жорығы басталды. Оқу орнының бірінен кейін бірін игерді. 1968 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін, 1975 жылы Алматы педагогикалық институтының тарих факультетін қызыл дипломмен бітірді. Төрт жыл дәріс берген ғұлама ұстаздары аспирантурада қалып, ғылым жолына түсуін мақұл көрді. Болашағының айқындығына сендірді.

Әйтсе де жас маман бұған қарайламады. Қала тірлігінің ұнамағандығынан емес, ауылда қимас адамдары қалғандықтан да солай жасады. Ата- анасына, бауырларына жақын жүруді қалады. Бірінші сыныптан бірге оқып, қатар өскен сырлас досы Қажымұқанмен өмірлік серік боламыз деп байласқан сертін ойлады. «Уәде – құдай сөзі» деген түсінікпен тәрбиеленген бойжеткен ата дәстүріне берік еді.

Ойыл өресі түгел құрметтейтін, отбастары бөлек болса да, еншілері бөлінбеген Сүйесін, Демеу, Еңсеген ақсақалдардың қасиетті қара шаңырағына келін боп түсті. Ата дәстүрін берік ұстанған текті әулеттің қатал мектебіне еніп, сынағынан сүрінбей өтті. Ибалы, өнегелі келін атанды.

Бес жыл бойы Сапақкөл орта мектебінде тарих пәнінен жас шәкірттерге дәріс берді. Аналық парызын да ұмытқан жоқ, сәбилер бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Жүгіріс екі бағытта: бала оқыту, дүниеге сәби әкелу болды. Ерінің қызмет бабымен аудан орталығына қоныс аударғанда да осы дағдысынан жазған жоқ. Ойыл қазақ орта мектебінің жақсы ұстазынан бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына дейін өсті.

Эталон

Қажымұқанды 1987 жылы «Жетікөл» кеңшарына директор етіп өсіріп жібергенде де байырғы  кәсібінен айнымай, Қараой орта мектебінен табылды. Алғашқыда тарих пәнінен сабақ берді. Көп кешікпей директордың ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Бұл кез Бибатпа Тәжиданқызының білім, тәжірибе жағынан толысқан қандай қиын жұмысты да дөңгеленте жөнелтетін, шығармашылық шабытпен, ізденіспен атқаруға дайын шағы еді. Ұйымдастырушылық қабілеті  жоғары еді. Осыны байқаған ұжым, тиісті орындар мектеп директорлығына, партия, кеңес басшылығына жоғарлатуды да ойластырған. Алайда бұған өзі ыңғай бермеді. Аласапыран заманда шаруашылықтың ауыр қамытына жегіліп, басшының жауапкершілік жүгін арқалаған жолдасына жәрдем көрсетіп, демеуші болғанды жөн көрді. Уақытпен санаспай жұмыс істейтін Қажымұқанның қасы мен қабағына қарады. Күн келсін, түн келсін тамағын әзір етті. Қонағын қабақ шытпай күтті. Бала тәрбиесін мойнына алды. Әйтеуір, шамасы келгенше серігінің қолын ұзартуға тырысты.

Міне, жиырма жылдан асып кетті, сол дағды әлі жалғасып келеді.

1995 жылы отбасы Ақтөбеге қоныс аударды. Қажымұқан Демеуовтің іскерлігін білетін басшылық қаладағы қоғамдық көлікті біріктіретін «Эталон» кәсіпорнының тізгінін ұстатты. Аяғынан енді тұрып жатқан  жаңа мекеменің жұмысы қайдан тыныш болсын. Білігі мен білімі, шаруашылық басқарудағы тәжірибесі мол, ысылған басшының өзі  қатты қиналған күндер көп болды. Сондайда ас-шайын дәмдеп беріп, жылы сөзімен көңілін жадырытты, қиындықты ұмыттырып, жігерлендіріп бақты. Баяғы бабаларымыз «Жақсы жар – ер қайрағы» деп осындай әйелдерді айтқан болар. Асылы, қасындағы серігінен қолдау таппай, азаматтың ісі оңғарылмайды деген рас сөз-ау.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған жаңа қоғамдық кәсіпорын аз жылда тез күш жинап алды. Әрине, «Білек кімдікі болса, киіз сонікі» дегендей, еңбек Қажымұқандікі. Бірақ мұндағы абыройдан Бибатпаны да сырт қалдыра алмас едік. Соны білетін осы отбасының достары, құрбы-құрдастары олардың қуанышты тойларында, жайылған дастарқандарында: «Қажекеңнің жұмысы да «Эталон», әйелі де эталон, балалары да эталон», – деп жүрді. Әзіл түрінде айтылса да, осы сөзде шындық бар. Бибатпаның әр кез ерінің жұмысымен  өзіндей біте қайнасып, жаны күйіп жүретіні  рас. Қазір Қажымұқан  Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның директоры. Ойын алаңының халықаралық талапқа сай болуын бақылап, одан да гөрі «Ақтөбе» футбол командасының биіктен көрінуін қалап, шыр-пыр болып жүргені. Бұған да үш-төрт жылға айналып бара жатқан болар. Сонша жыл біздің Бибатпа Қажымұқанға да, Ақтөбенің футбол командасына да бас жанкүйер… Солардың шығар тауы биік болса екен деп тілеп отырғаны.

Бұл жерде біздің кейіпкеріміз Ақтөбеге қоныс аударған жылдарда үйде қарап отырған сияқты ұғым тумау керек. Ол тараптан нағыз педагогикалық өрлеу осы жылдарда болды. 1995 жылдан қаламыздығы №32 тұңғыш мектеп-гимназияда жұмыс жасайды. Бұған дейін-ақ «Қазақстан білім беру ісінің озық қызметкері» атанса, осында «Аға тәлімгер ұстаз атағын» алды. Оның іс-тәжірибесі облыс көлеміне кең танымал. Педагогтар қауымы  ол өткізген сабақтардан, тарих кештерінен, ғылыми конференцияларынан ұстаздың еңбекқорлығына, ерекше ізденісіне, терең біліміне талай куә болды. Ұстаздың еңбегі шәкірті арқылы көрінеді. Бибатпа баулыған оқушылар әлденеше рет қалалық, облыстық олимпиада жеңімпаздары атанып, КҒА, «Дарын»  орталығында ғылыми жоба қорғаудағы облыстық, республикалық жарыстарда бірінші, екінші орындарды иемденді.

Жоғары санаттағы тәжірибелі ұстаз өзінің өмірін еңбек майданы мектепте де, үйде де бала ұрпақ тәрбиесімен, бала өсірумен ұштастырған. Отбасында 8 баланың анасы, «Күміс алқа иегері». Балаларының барлығы жоғары білімді, жақсы маман. Шетелдерде ағылшынша сабақ алған. Ғылым жолына түскендері де бар. Шетінен өнерпаз, биші, күйші.Олардың солай қалыптасуында анасының еңбегі зор. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі ата-ана бүгінде немере сүйіп отыр.

Бибатпаның мұражайлары

Тарих пәнінен сабақ бере жүріп, мектеп жанынан мұражай жасақтау – Бибатпаның хоббиі. Ол қайда жұмыс жасамасын осындай із қалдырып отырады. Мұндай әуесқойлық алғаш алыстағы Қараой ауылында мұғалім болып жүргенінде басталды. Сондай ой туды да оқушыларын ертіп, ауыл аралап адақтап кетті. Көненің көзі – ескі жәдігерлерді, туған өлке жайлы мағлұматтарды жинады. Алғашқы да мұны ауыл адамдары таң көрді. Артынан түсініп, өздері де көмекші болып шыға келді. Соның нәтижесінде мектеп ішінде ауылдың тарихын, өткені мен бүгінін көрсететін шағын өлкетану мұражайы жасақталды. Сондай  мұражайды Ойыл орта мектебінде де өз аяғымен жүріп жасады. Көпшілік қызыға баратын, оқушылар көп жайға қанығатын бұл мәдени орындарды қазір үлкен де, кіші де «Бибатпаның мұражайы» деп атайды.

Ақтөбенің тұңғыш мектеп-гимназиясында ұстаздық жолда жүргенде де осы ой мазалады. Себебі бұл тегін оқу орны емес еді. 1991 жылы Елбасының өзі келіп, тұсауын кескен. Мария Құрманғалиева сияқты қазақтың даңқты қызы алғашқы директоры болған. Осыларды ескеріп, үлкен істі қолға алған тарих пәнінің мұғалімі мектеп ұжымының, ата-аналардың, оқушылардың көмегімен бұл істі де біріңғайлайды. Оған ұзақ жылдар жинақтаған тәжірибелерінің де септігі тиген болу керек.

Сабақ бере жүріп, осы мұражайдың меңгерушісі де болған ұстаз 1998 жылдан бері оны жетілдіріп, толықтырумен келеді. Қазір оның қорында 2100 мұрағат сақтаулы. Екі залға орналасқан мектеп-гимназия мұражайы 25 бөлімнен тұрады.

Мұражай ұстаз үшін қосымша жүк. Басқалар сияқты әдемілеп сабағын беріп, тып- тыныш жүрсе де болар еді. Бірақ Бибатпа олай ете алмайды.

– Мұражайдың маңызы зор. Ол гимназияның оқу-тәрбие жұмыстарына ықпал етеді. Оқушыларды туған өлкеміздің тарихын терең білуге тәрбиелейді, – дейді. Басқа да толып жатқан пайдалы жақтарын атайды. Әне, Бибатпа сондай ұстаз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген – осы.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Мақала өте тартымды жазылған. Бибатпа апайдың жеке басына берілген бағаларға әбден қосыламын. Бұл кісі Сарбие (Жекенді) ауылының қызы. Ол кісіні менің өзіме аяулы әкем (марқұм Бисембаев Амандық) реті келгенде өнеге қылып айтып отыратын:»Оқығасын Бибатпа сияқты оқу керек»-деп. Бибатпа апай маған сабақ бермесе де, әкемнің сөзінің әсері болды ма, әйтеуір, бұл күнде менде Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарынынң бірінде тарихшы-ұстазбын.
    Еңбегініз жана берсін, апай!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button